8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Әскери-теңіз күштері әртекті корабльдер дивизионының теңізшілері Ақтау қаласының тұрғындарына тосын сый жасады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Ақтау гарнизонының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акция кезінде ұйымдастырушылар Каспий теңізі жағалауындағы нәзік жандыларға қызғалдақтар табыстады.
«Көктемде табиғаттың гүлденуімен қатар жыл бойы бізді жылуымен, қамқорлығымен баурап жүрген жандарды қуантқымыз келеді. Біріншіден, олар – біздің аналарымыз, әжелеріміз, әпкелеріміз. Әйелдер өздерін қорғауға дайын екенімізді білгені маңызды», - деді Павлодар облысынан шақырылған матрос Ахалбек Жайлаухан.
Әскери қызметшілердің мұндай сый-құрметіне қыз-келіншектер ризашылық білдіріп, әскери теңізшілердің әрекеті жүргіншілерге көктемгі тамаша көңіл-күй сыйлап, шабыттандыратынын атады.