Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай make up пен шаш үлгісінен бір күндік тегін курс өткізді. Курсқа 20-ға жуық көпбалалы ана, декреттегі келіншек, жұмыссыз жастар қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Визажист Райхан Зейноллақызы келген қатысушыларға бет әрлеудің тиімді жолын, ережелерін түсіндірді. Бет әрлеудегі жиі кездесетін қателіктеріне тоқталды. Ал шаш күтімі және күнделікті укладка бойынша Гүлмира Абайқызы шеберлік сағатын өткізді.
Қыз-келіншектер пайдалы ақпарат алғанын және күнделікті өмірде қолданатынын атап өтті. Сондай-ақ ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Жалпы шараның мақсаты - қыз-келіншектерді еңбекке баулу. Мерекелік көңіл-күй және кәсіби маманмен тәжірибе алмасуына мүмкіндік сыйлау.
Шеберлік сағатына қатысқан қыз-келіншектерге сертификат табысталды.