Бүгін Ақтау қаласында «Оқушылар сарайы» ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов, NCOC компаниясының басқарушы директоры Руйу Джанкарло қатысып, жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым –Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында балалардың шығармашылық және қолөнерін дамыту және негіз беру үшін балалар үйірмелері жұмысын ұйымдастыру туралы тиісті тапсырма берген еді. Осы орайда жаңа нысанның салынуы қолға алынды. Енді міне жаңа ғимарат бой көтеріп, оқушыларға өз есігін ашуда. Сондай-ақ, орталықтың пайдалануға берілуімен қатар, 300- ден астам жұмыс орындары ашылды. Болашақ буындарымыз бұл ғимарат қабырғасында IT технологиясы, инженер ғылым саласы бойынша авто, әуе, кемелер модельдеу кабинеттерінде болашақ мамандықтары үшін машықтанып, өз болашағының негізін қалайды. Қала тұрғындарын жаңа орталықтың ашылуымен құттықтаймын, балаларымыз мұнда жан жақты тәрбиеленіп, білім мен ғылымға бағдар алып, келешекте еліміздің, облысымыздың дамуына үлес қосады деп сенемін»,- деді облыс әкімінің орынбасары Қанат Құлжанов.
Сондай-ақ, Қанат Жаңбырұлы ғимараттың құрысын жүргізген мердігер мекемелерге, «Казстрой» өкілдеріне, NCOC компаниясына алғысын жеткізді. Құрылыстың салынуына демеушілік танытқан North Caspian Operating Company N.V. NCOC компаниясының басқарушы директоры Руйу Джанкарло да жиылған жұртшылықты құттықтап, компания Маңғыстау өңірінің әлеуметтік нысандарына ерекше көңіл аударып, тек өндірістік операциялармен ғана айналыспай, жергілікті халықпен де қарым- қатынас жасап, барынша демеп келе жатқандарын жеткізді.
«Көздің жауын алатын ғимаратқа келіп отырғанымызды ғанибет деп санаймыз. Маңғыстау өңірі біз үшін айрықша. Солтүстік каспий консорциумы 30 жыл бұрын дәл осы жерде өзінің өндірістік операцияларын бастаған болатын. Біз содан бері 114 -ке тарта әлеуметтік инфрақұрылымдық жобаларды іске асырдық, олардың жалпы суммасы 900 млн долларға барып жығылады. Мен жергілікі билік өкілдеріне айрықша алғысымды білдіргім келеді. Халыққа керек, маңызды жобаларды іріктеп саралауда өте жақсы жұмыс жасалып жатыр. Құрметті жас жеткіншектер, шәкірттер, өздеріңізге есігін айқара ашқалы отырған оқушылар сарайы сіздердің шығармашылық әлеуеттеріңізді толық ашуға, сан қырлы қабілеттеріңізді ұштауға дәнекер болатынына сенім білдіремін» ,- деді Руйу Джанкарло.
Оқушылардың қосымша білім алуына, жан жақты дағдыларын дамытуға арналған орталық 5 мың бала қабылдай алады. Нысанның жалпы аумағы 3,6 га құрайды. «Оқушылар сарайының» басшысы міндетін атқарушы Жанаргүл Бекболатова бүгінгі таңда орталықта 76 үйірме ашылып, 100-ден астам мұғалімдер жұмысқа қабылданғанын айтты.
«Үйірмелер 7 бағыттан тұрады. Оның ішінде қазір спорттық, IT саласы, ән үйірмелері , заманға керек, мамандықты таңдау үшін арналған үйірмелер, Web дизайнер, Web ландшафтный дизайнер
сияқты үйірмелер сұранысқа ие болуда. Қазір біз 3 мыңнан астам баланы қабылдадық. Оқушыларды қабылдау арнайы zerek.edus.kz платформасы арқылы жүзеге асып жатыр. Балалар күнделікті кестесіне сәйкес келіп, үйірмелерге қатысып жүр. Болашақта үйірмелер санын көбейтеміз. Алдағы уақытта материалдық базаларымызды да толтырамыз, - деді Жанаргүл Бекболатова.
Ғимарат ішінде спорттық-техникалық аймақ, модельдерді сынауға арналған кордодромдар және зымырандар ұшыру алаңы, тынығу аймағы бар. Сондай-ақ, сурет, фото және видео шеберханалары, хореография, музыка сыныбы, көрме залы, жазба студиялары және демалуға арналған террасалар, тамақтану орыны қарастырылған. 700 адамға арналған акт залы, көрме залдары, театр өнеріне арналған залдар, әкімшілік бөлмелер, кітапхана бар.