Белгісіз адамдар жергілікті тұрғындар арасында “маяк” аталып кеткен мұнараның ішіне кіріп, күмбезді шатырмен бірге электр шамын да ұрлап кеткен. Болжам бойынша, олар бұл әрекетті металды сатып, ақша табу үшін жасаған. Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тергеуді бастады. Мұнда жиі болатын бұзақылық фактілерін ескере отырып, 1 наурыздан бастап маяк тұрған аймақта тұрақты күзет орнатылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы 2022 жылдың шілде айында нысан Форт-Шевченко қаласы әкімдігінің балансына берілгенін хабарлады. 2022-2023 жылдар аралығында маякта ғылыми-реставрация жұмыстары жүргізілді. 2022 жылы қалпына келтіру шаралары жүргізіліп, бірақ 2023 жылы мердігер жұмысты жалғастырудан бас тартып, нәтижесінде сот шешімімен келісімшарт бұзылған.
Игерілмеген қаражат бюджетке қайтарылып, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамаға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізілуде.
«Маяк шамы бөлек баланста есепке алынбағандықтан, тарихи әрі мәдени саналатын ескерткішке келтірілген шығынды нақты бағалау мүмкін емес», - деп хабарлады басқарма өкілдері.