Ақтауда 1 наурыздан бастап автокөлік жолдарындағы шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі дайындаған ақау актісіне сәйкес, қазіргі таңда жөндеуді қажет ететін 44 жер учаскесі анықтады. Бұл учаскелердің аумағы 217 шаршы метрді құрайды. Мамандардың айтуынша, бұл — соңғы көрсеткіш емес. Тағы да автокөлік жолдарында шұңқырлар анықталған жағдайда мердігер компания шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
- Алдымен компания жұмысшылары тұрғындар тарапынан түскен шағым бойынша автокөлік жолдарындағы шұңқырларды жөндеуден бастады. Атап айтар болсақ, қызметкерлер №7, №14 және №22 автомобиль жолдарында шұңқырларды асфальт төсеуге дайындау жұмыстарын жүргізуде. Қала тұрғындарынан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз, - деді «Компания Строй Инвест 2020» ЖШС директоры Айбек Ербөлеков.
№7 автомобиль жолы, «Самал» ш/а ылди(спуск);
№14 автомобиль жолы, Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің маңы;
№22 автомобиль жолы, «Олжа» сауда орталығының алды.