Каспий теңізінің қазақстандық секторында Әскери-теңіз күштері корабльдерінің, Маңғыстау облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі департаментінің және әскери авиацияның қатысуымен командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығу ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжановтың басшылығымен өтті.
Теңіздегі жауынегрлік жаттығулар Әскери-теңіз күштері мен Шекара қызметі департаментінің бөлімдерін басқаруды үйлестіруге және практикалық дағдыларды жақсартуға, жеке құрамның жауынгерлік дайындығын арттыруға бағытталған.
Оған Әскери-теңіз күштерінің «Қазақстан», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық корабльдері, «Алатау» мина-тартқыш кораблі, диверсияға қарсы «Сергек», «Қайсар» катерлері, Шекара қызметінің кемелері мен қайықтары, әскери авиация жұмылдырылды. Қатысушылар саны мыңнан асты.
Кемелер экипаждары Әскери-теңіз күштерімен қарқыны төмен қақтығыстарда жауынгерлік іс-қимылға дайындалу және оны іске асыру жөніндегі нормативтерді орындады.
– Оқу-жаттығу шеңберінде Каспий теңізінің қазақстандық секторында теңіздің экономикалық қызметін қорғау және оның қорғанысы мәселелері пысықталды. Жауынгерлік жаттығулар, шартты қарсыластың жердегі және әуедегі нысандарына артиллериядан оқ жаудыру орындалды. Өзге де басқару органдарымен бірлескен іс-әрекетке де ерекше назар аударылды, – деп атап өтті контр-адмирал Сәкен Бекжанов.
Мұндай оқу-жаттығулар қазақстандық әскери қызметшілерді әртүрлі міндеттерді шешуге дайындауға ықпал етіп қана қоймай, Каспий теңізінің акваториясында елдің қорғаныс мүмкіндіктерін нығайтарын айта кеткен жөн.