Ақтауда наурыз айының 23-30 аралығында ұлттық спорт түрлері — «Асық ату» мен «Бес асықтан» алғаш рет Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді.
Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысы бойынша асық атудан аға жаттықтырушы Илесбай Умаров айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Спикердің айтуынша «Асық ату» және «Бес асық» ойындарына 2008-2010, 2011-2013 жылдары туған жасөспірімдер қатысады.
- Өңірімізде алғаш рет өткелі отырған бұл чемпионат ұлттық спорт - Асық ату және Бес асыққа деген қызығушылықты арттырып, ауыл аудан, қалаларда ұлттық спорт түрін дамыту, бабалардан мирас болған құндылықтарды ұлықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Аталмыш додаға республикамыздың 18 өңірінен 288 спортшы қатысып бақ сынайды, - деді Илесбай Умаров.
Ұлттық спорттың бұл түрі республикамызда кәсіби спорт дәрежесіне дейін көтерілген. Спикердің мәліметінше, қазірдің өзінде оқушылар арасында ойынға қызығушылық артып, ұлттық ойынның танымалдығы артып келеді. Оқушылар арасында мектеп лигасы, гимназия жарыстары жыл сайын өткізіледі.
Сонымен қатар брифинг барысында чемпионат кезінде ойналатын асық түрлері туралы айтылып өтті.
- Асық алғашқы кезде кішігірім сақа, сүйек, 2016 жылдан бері арқар мен құлжаның асығын пайдаланды. Тәжікстаннан келетін бұл ірілеу келген асық түрін қолқар деп атайды. Қой асығынан бір жарым, екі есе ірі келетін құлжа арқар сақа орнына жүреді. 2019 жылдан бері қарай пластик асық шықты. Салмағы 30 граммды құрайды. Биылғы додада осы пластик асық түрімен ойнайды, - деді Илесбай Умаров сөзін жалғап.
Айта кетейік, Ш.Есенов университетінің спорт залында 24 наурыз негізгі ойын басталады, 25 наурыз чемпионаттың ашылу салтанаты өтеді.