Түрлі кондитерлік тағамдарды пісіру жаңаөзендік Гүлнар Жайлыбаеваның сүйікті хоббиі. Ал жаны сүйген ісін табыс көзіне айналдыруды көздеген Гүлнар ханым, бес жылдан бері өз кәсібін өрге жүздіріп келеді. Оның өмірлік ұстанымы - еңбегі көптің - өнбегі көп, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме бере отырып.
Гүлнар Жайлыбаева бірінші топ мүгедегі. Арбаға таңылған мықты әйел табанды еңбек етіп қана қоймай, 7 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мүмкіндігі шектеулі болса да алға қойған мақсатына нық қадам басқан кондитер, қаржылай қиындыққа тап болған кезеңде туындаған бастама үлкен кәсіпке айналарын болжап білмеген. Сондай-ақ, табысты кәсіпкер тәтті дүкеніндегі кез келген құрал-жабдықты сатып алу үшін біршама қажыр-қайрат жұмсалғандығын да атап өтті.
Бастапқыда ол, тәттілерді үйінде пісірген. Бүгінде оның торттарына жаңаөзендіктер ғана емес, барша Маңғыстау тұрғындары тарапынан сұраныс зор.
-Кез келген кішкентай қыз тәтті толы дүкені болғанын армандайтыны өтірік емес. Меніңде бала арманым дәмі тіл үйіретін, түрлі бәліштер мен торттар пісіру болған. Дәл қазір осы мақсатыма қол жеткізіп қана қоймай, жұмыссыз қыздарға да көмегімді көрсетіп келемін. Жұбайымның қолдауы мен қызымның маған артқан сенімі бұл істі әрі қарай дамытуыма күш-жігер береді, - деді Гүлнара Жайлыбаева.