Amanat партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастыруымен және «Біз біргеміз» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен Атыраудан эвакуацияланған халыққа 22 тонна көлемінде гуманитарлық көмек жеткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Amanat партиясы Маңғыстау облыстық филиалы баспасөз хатшысы Гүлнара Тасболатова табиғи апаттан жапа шеккен жандарға азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық тазалық бұйымдары сынды күнделікті тұтынуға қажетті заттар үлестірілетінін айтты.
Сондай-ақ су тасқыны салдарынан қауіпсіз аймаққа көшірілген атыраулық ағайынға көмек қолын созуда спортшылар да шет қалмады. Маңғыстау облыстық ережесіз жекпе-жек спортынан жаттықтырушы Аманбек Сайлауов ел басына күн туған кезеңде қамкөңіл халықтың еңсесін тіктеуге бірлесе атсалысу азаматтық борышы екенін атап өтті.
Бейнеу ауылы әкімі Нұржан Кенбаев игі бастамаға ұйытқы болған Amanat партиясы мен ауызбірлік танытқан ауылдастарына алғысын білдірді.