Перизат есімді волонтер қала тұрғындарын еріктілер қатарына қосылуға шақырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Мен көп жылдар бойы қала еріктісі ретінде қарттар үйіне көмектесіп келемін. Барлық қала тұрғындарын су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетуге шақырамын. Әр жасалған жақсылықтың қайыры бар. Ақтау қаласы бойынша су тасқынынан эвакуацияланған адамдарға арналған гуманитарлық көмектеріңізді 6 шағынаудандағы «Арман» жастар орталығына әкеліп тапсыра аласыздар, - деді волонтер.
Сондай-ақ басқа да қала белсенділері келіп, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек қолын созып жатыр.
- Таңертең ватсап әлеуметтік желісінде Маңғыстау азаматтарының ортақ тобы ашылды. Сол топтағы хаттар жан-жаққа таралып, қала тұрғындары су тасқынынан зардап шегуші ағайынға көмек қолын созып келуде. 110 адамдық төсек орындарына 150 адамға дейін қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Спорт зал жылы. Ыссы тамақ беру жұмыстары уақытылы ұйымдастырылады. Барлық жағдайды жасауға көмектесіп жатырмыз. Көмек қолын созып келе жатқан барша азаматтарға алғыс білдіремін. Ораза айында оларға екі есе сауап жазылсын, - деді Төлеген есімді қала белсендісі.
Су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысы, Жылыой ауданының халқы Ақтаудағы IT мектеп-лицейінің эвакуациялық пунктіне орналасты.
- Көршілес Атырау облысының Жылыой ауданынан Ақтау қаласына көшірілген ағайын-туысқа көмек көрсету үшін эвакуациялық пунктімізді аштық. Қала тұрғындары мен жеке кәсіпкерлер, еріктілер келіп қол ұшын созып жатыр. Ыссы тамақ ішу жағы ұйымдастырылады. Тұрғындарға мектебіміздің спорт залын дайындадық. Дене шынықтыру сабақтарының барлығы сыртқы спорт алаңдарында өтеді, - дейді Ақтау қаласындағы IT мектеп лицейінің директоры Анжела Батырова.
Атыраулық тұрғындар да елдігін танытып, жылы қарсы алып жатқан жанашыр Ақтау халқына алғысын жеткізді.
- Бізді жақсы, жылы қарсы алып жатыр. Барлығымыз бір қазақтың баласымыз, басымызға іс түскенде пана болып жатқан Ақтау халқына рақмет, - дейді атыраулық тұрғын.