Маңғыстауда Амал мерекесіне орай Түркия, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерінен келген жыршылар мен облыс жыршыларының қатысуымен жыр кеші, өңірлік жазба ақындар мүшәйрасы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Отпан тауда «Амал - алашқа ортақ мереке» мерекелік іс-шарасына өзге өңірлерден арнайы келген жыршылар мерекенің мағынасы мен маңызын арттырды.
Солардың бірі Өзбекстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет саласының қызметкері, жыршы, өнер саласының магистрі Махаммад Эшбоев Отпан тауда қазақ халқының ерекше мерекесіне қатысты таңданысын жасырмады.
"Ата-бабамыздың түбі бір. Тойларымыз бен өзге де қуанышты атап өту дәстүріміз ұқсас екені анық. Қазақ пен өзбектің тойы әнші-жыршысыз той өтпейді. Сол орайда Наурызды өзбек пен қазақ қатар тойлайтыны тағы бар. Ал Амал мерекесі сәл ерте басталып, наурыздан бұрын тойлануы бізді ерекше қызықтырғанын жасырмаймын. Қазақ халқының өзіндік дәстүрін, болмысын, той тойлау үрдісін көріп, елге барғанда айтып жүремін деген ойдамын", - деді өзбекстандық Махаммад Эшбоев.
Ал Түркия Республикасының Бішкектегі «Қырғыз, Түрік, Манас» университетінің оқытушысы, профессор Ирфан Гөрдал Амалға арнайы шақыртумен келгенін жеткізді. Оның сөзінше, Наурыздың күллі түркі халқы жақсы біледі. Ал Амалды тек қазақ халқы ғана тойлайды.
"Түркі халықтарына ортақ мерекенің бірі - Наурыз. Бұл бәріміздің орны ерекше мерекеміз саналады. Маңғыстауға өмірімде бірінші рет келіп отырған жайым бар. Амал мерекесіне мені құрметтеп шақырғанына көп рахмет. Түркияда ежелден бері наурыз мерекеленсе де соңғы 15-20 жылда ғана жаңа бір маңызға ие болып отыр. Ал қазақ халқының Амалға осыншалықты мән беріп, Наурыз алдындағы дайындығы мені ерекше әсерге бөлеп отыр", - дейді Ирфан Гөрдал.
Қазір Отпан тауда Амал мерекесі республикалық ауқымда аталып өтіп жатыр. Кеше дәстүрлі Бірлік оты жағылып, жұрт Маңғыстау ауданы өнерпаздары мен еліміздің халық әртісі Роза Рымбаеваның концертіне куә болды.