Алматыда қайтыс болған қарақалпақ диаспорасының жетекшісі Ниетбай Оразбаевтың денесі бүгін Ақтауға жеткізілді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Бірнеше жылдан бері Қазақстанда тұрған саяси белсенді Ақтаудағы қарақалпақ диаспорасына жетекшілік еткен. Ол кеше Алматыдағы емханалардың бірінде бақилық болды. Қарақалпақ диаспорасының өкілі Ақылбек Мұратбайдың айтуынша, ол бір айдан астам уақыт бұрын Ақтаудан Алматыға келген.
«Ниетбай Оразбаев былтыр желтоқсан айының басында Ақтаудан Алматыға келді. Бірақ елдегі саяси қуғында жүргендіктен ол телефон ұстамады. Өзінің нөмірін өшіріп, басқа біреудің телефонын пайдаланды. Қаңтар айының басында денсаулығы сыр бергендіктен ауруханаға жатты. Өткен аптада Алматыдағы көп бейінді аурухананың жансақтау бөліміне түсіп қалды. Алайда жексенбіде палатаға ауыстырып, өкпесінде суын тазартылды. Соңғы рет сөйлескенімізде оның денсаулығы қалыпты болған. Бірақ күтпеген жерден демі үзілді», - деді Ақылбек Мұратбай.
Ол Ниетбай Оразбаевтың мәйіті кеше кешкілік ұшақ арқылы Ақтауға жөнелтілгенін атады. Енді марқұмның жаназасы Ақтауда шығарылып, ары қарай туған жері Қожеліде жер қойнына тапсырылмақ.
«Кеше қайтыс болған соң Алматыдағы мәйітханадан мүрдені алдық. Алматыдан ұшатын кешкі ұшақ рейсімен Ақтауға алып кетті. Ниетбай ағамыздың жаназасы Ақтауда шығарылады. Себебі, Қарақалпақстанда оның жаназасын шығаруға рұқсат берілмей отыр. Жерленген соң зиратының басына баруға да алдын ала тыйым салынды. Сол үшін жақындарымен ақылдасып, шешім қабылдап отырмыз. Екі күн ішінде Қарақалпақстанның Қожелі қаласында жер қойнына тапсырылады», - деді Ақылбек Мұратбай.