Кеше «Адай ата-Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде дәстүрлі «Бірлік оты» жағылды. Амал мерекесі Ақтауда да ерекше тойланып жатыр. Қаладағы барлық мекеме қызметкерлері бір-бірімен қауышып, көрісіп жатыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін таңертең Ақтау қаласы әкімдігінің қызметкерлері де бір-бірін Амал мерекесімен құттықтады. Хал-жағдайларын сұрасып, көрісіп, төс қағысты. Ақтау қалалық құжаттамалық қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің қызметкері Ермек Нұрмағанбетова барша ақтаулықтарды аталған мерекемен құттықтады.
- Амал – бағзы заманнан келе жатқан мереке. Бұл мереке халықты береке мен бірлікке, татулыққа шақырады. Барша ақтаулықтарды Амал мерекесімен құттықтаймын. Жыл құтты болсын!, - деді Ермек Нұрмағанбетова.
Амал мерекесін «Маңғыстаумұнайгаз» мекемесінің қызметкерлері де ерекше атап өтіп жатыр. Олар мерекеге орай байқау ұйымдастырған. Байқау барысында жұмыс кабинеттері ұлттық нақышта безендіріліп, ақ дастархан жайылды. Бірқатар салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар да көрсетілді. Атап айтқанда, мерекелік шарада бесікке салу, құдайы қонақ күту салты көрсетіліп, жарапазан айтылды.