Облыстық және қалалық мәслихат депутаттарының есеп беру кездесуінде қала тұрғындары шағын аудандарды абаттандыру, қоқыс және тұрғын үйді жөндеу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ тұрғындардың бірі Мақпал Жайсанбаева тұрғын үйдің бұрышын жөндеу керек екенін айтты.
-19А шағын аудан 12/1 үйдің тұрғынымын. Бұл үйде төрт жылдан бері тұрамын. Тұрғын үйіміздің бұрышы құлайын деп тұр. Қашан жөндейсіздер?, - деді Мақпал Жайсанбаева.
Бұл үйді салған «Оңдасын Строй» ЖШС бас директоры Бердіқожа Борантаев тұрғын үйдің бұрышы қалпына келтірілетінін айтты.
-Біз үйдің бұрышын бұған дейін де бірнеше рет жасадық. Балалар шұқып жұлып кетеді. Дегенмен біз барып, үйдің бұрышын қалпына келтіреміз, - деді «Оңдасын Строй» ЖШС бас директоры Бердіқожа Борантаев.
Кездесуде қоғам белсендісі Шынар Рахманова қоқыс жәшіктерінің санитарлық талапқа сәйкес болу мәселесін қозғады.
-Қоқыс контейнерлерінің ескіруімен қатар, жел болған кезде барлық қоқыс подъездің алдына ұшады. Жалпы қоқыс контейнерлері қандай болу керек?, - деді қоғам белсендісі Шынар Рахманова.
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Жақыповтың айтуынша, тұрғын үйден қоқыс контейнерлері 25 метр жерде орналасуы қажет.
-Шағын аудандардағы тұрғын үйлердің тығыз орналасуына байланысты орнатылған барлығы бірдей қоқыс контейнерлері мен оның орындары санитарлық талаптарға сай деп айта алмаймын. Заң талаптарына сәйкес тұрғын үйден қоқыс контейнерлері 25 метр жерде орналасуы қажет. Былтыр қаладағы қоқыс контейнерлері 700 дана жаңа қоқыс контейнеріне ауыстырылды. Алдағы уақытта басқа контейнерлерді де жаңасына ауыстыру жоспарда бар, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов.
Бұдан бөлек, кездесуде Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев 2023 жылдың жұмыстары бойынша есеп берді.
-2023 жылы №5 сайлау округі бойынша бірқатар абаттандыру жұмыстары жасалды. 30 шағын аудан №181 үйдің маңына жаңа балалар ойын алаңы және №167, 168, 169 үйдің алдына жаңа спорт алаңы салынды.«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 33 ш/а №32 тұрғын үй маңына жаңа балалар ойын және спорт алаңы орнатылды. Сонымен қатар, 32В шағын ауданның ішкі автомобиль жолдарына 400 шаршы метр шұңқырлы жөндеу жұмыстары жүргізілді, - деді Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев.