Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығында жиналған гуманитарлық көмек су тасқынынан зардап шеккен өңірдің бірі - Ақтөбе облысына жөнелтілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы 10 тоннаға жуық жылу жиналған. Ал маңғыстаулық жастардың жинаған көмегі - 3 тонна. Ішінде киім-кешек, аяқ-киім, гигиеналық заттар, мерзімі өтпеген азық-түлік бар.
Айта кетейік, игі іске "Асем Берекет" пен "Мағаш" базарының кәсіпкерлері, "Snkrhub Aqtau" дүкенінің иесі жап-жаңа тауарларын ұсынды. Қоғам белсенділері мен еріктілер де көмек қолын созды. Сонымен қатар жиналған гуманитарлық көмекті жеткізуге эвакуатор жүргізушілері атсалысып жатыр.
- Елдің бірлігі мен тілегі, бір-біріне деген жанашырлығы су апатынан сағы сынған халыққа сәл болса да демеу болатыны анық. Осы орайда жәрдемдесіп, қол ұшын созып, гуманитарлық көмек әкелуге атсалысқан әрбір жанға алғыс айтамыз. Бастысы - еліміз аман болсын! - деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлмира Бурхандинова.