Ақтау қаласында Ұлттық ұланның 6656 әскери бөлім аумағында жастар арасында әскери қызметке деген идеологиялық жұмысты жандандыру мақсатында жоғарғы сынып оқушылары мен студенттер үшін «Ашық есік» күні өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz ведомствоға сілтеме жасап.
100-ге жуық оқушы мен колледж студенті әскери өмірді көріп, киім үлгілерімен, әскери техника және қару-жарақ түрлерімен танысты.
Саптық алаңда оқушылар мен студенттерге арнап қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің көрмесі өткізілді. Әскери қызметшілер қонақтарға заманауи атыс қаруының мүмкіндіктері, әскери техникалар мен қорғаныс құралдарының техникалық сипаттамалары туралы айтып берді.
Әскери бөлімге келген студенттер бөлім аумағында экскурсия жасап, әскери даңқ мұражайы, спорт қалашығы, асхана және сарбаздар тұратын казармалармен танысты.
Сонымен қатар сарбаздар саптық дайындықтың қарумен және қарусыз орындалу тәсілдерін көрсетті.
Студенттер мен оқушылар әскери қызметкерлерге ұйымдастырылған шара үшін алғыс айтып, әскерилердің ел қорғау ісіне толағай табыс тіледі.