
Ақтауда 13 қараша күні қалалық аналар кеңесінің мүшелері Маңғыстау туризм колледжінің студенттерімен кездесті. Кездесуде патриоттық тәрбиені қалыптастыру және отбасылық құндылықтар туралы айтылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аналар кеңесімен кездесуге оқытушылар мен 1-курстың 50-ге жуық студенті қатысты. Шарада отбасылық тәрбиенің ерекшеліктері, отбасылық және ұлттық құндылықтарды жастардың бойына сіңіру мәселесі талқыланды. Сондай-ақ спикерлер патриоттық тәрбиені қалыптастырудың негізгі аспектілерін атады.
- Шараның негізгі мақсаты - өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарды қалыптастыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Отан - отбасынан басталады. Жастардың бойында патриоттық тәлім-тәрбиені қалыптастыру өте маңызды. Бала өз отбасында ұлттық құндылықтарды қажетті деңгейде бойына сіңірсе, ол болашақта елдің дамуына өз үлесін қосатын азамат болып өсетіні анық, - деді аналар кеңесінің мүшесі Рысгүл Игілікова.
Сонымен қатар, кездесу барысында студенттерді қоғаммен қарым-қатынас жасау туралы видеоролик көрсетілді. Қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, тұшымды жауап алды. Оқытушылар да коллежде тәрбиелік мақсаттағы іс-шара жиі өткізілетінін айтты.
- Студенттерімізді білікті маман қылып даярлау – біздің негізгі міндетіміз. Дегенмен жастардың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыруымыз қажет. Осы бағытта колледж қабырғасында қыркүйек айынан бері 10-ға жуық тәрбиелік іс-шара өткізілді, - деді Маңғыстау туризм колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Виктория Пироженко.