28 жастағы блогер Владислав Прохоров ойлап тапқан радиомен басқарылатын көлік бейнекамера және арнайы табақшамен жабдықталған. Ол арнайы көлігімен Ақтау көшелеріндегі иесіз жануарларды қоректендіреді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Instagram әлеуметтік желісінде ақтаулық тұрғынның бұл әрекеті қызу талқыға түсіп, жеке парақшасы жоғары танымалдыққа ие болып келеді.
- Бір жылдан астам уақыт бұрын мен көшедегі мысықтар мен иттерді күнделікті қалай тамақтандыратынымды көрсететін блог жүргізе бастадым. Бұралқы иттер мен мысықтардың таңсық әрекеті, қорегіне ауыз салмас бұрын жиі иіскейтіні мені таң қалдырды. Жануарлардың өз азығы үшін жасайтын айла-қулығы – түсірілім барысындағы ең қызықты кадрлар. Менің контентімнің басты көздегені – қоғам назарын үйсіз жануарларға аудару, оларға қамқорлық көрсетуге үгіттеу. Блогымның нәтижесінде адамдар иесіз иттер мен мысықтарға тамақ бере бастады. Мен үшін бұл үлкен көрсеткіш, - деді Владислав Прохоров.
Сондай-ақ, блог авторы ауру мысықтар мен иттерді емдейтінін айтты.
- Менің бейнежазбаларымда мысықтың ауырып тұрғаны байқалса, көрермендерім оны емдеуге ұсыныс тастайды. Тіпті, кейбіреулері мысықты емдеу үшін ақша жібереді. Мысалы, 12 жастағы Маркиздің жағдайы өзге мысықтармен үнемі төбелескендіктен, өте нашар еді. Маркиз өмір сүрген ауланың тұрғындары оны маған бірден бергісі келген жоқ. Десе де оларды көндіріп ауырып тұрған мысықты 5 күн бойы дәрігерге апарып, емдеп алдым. Өкінішке орай, жақында жасы келіп қайтыс болғанын естідім, - деді Владислав Прохоров.
Қазіргі таңда блогердің Instagram-дағы парақшасына барлығы 211 мыңнан астам адам жазылған.