Қазақстандағы жалғыз теңіз бригадасы Ақтау гарнизоны Жаңа жыл қарсаңында «Сау денеде сау ой» атты челлендж жариялауды ұйғарды. Оқ өтпейтін жилет киген мыңнан астам әскери қызметкер Калашников автоматын ұстап 24 шақырымға жүгірді.
Әскери бөлімнен Ақтау-Ералы тас жолының бойында Оймашы полигонына қарай марш жасалды. Спорттық шараның мақсаты – Қазақстан әскерилерінің күші мен төзімділігін шыңдау, сондай-ақ келе жатқан жаңа жыл мейрамын атап өту, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға қатысушылар қатарында сарбаздар ғана емес, бөлімше басшылығы – сержанттар мен офицерлер де болды.
«Мен мұндай маршқа бірінші рет қатыстым. 24 шақырымды толық құрал-жабдықпен және стандартты қарумен жүгірдік. Әрине, бұл аз қашықтық емес, бірақ бір-бірімізге көмектесе отырып, межені еңсердік. Челленджді еліміздің басқа да әскери қызметкерлері қолдайды деп сенеміз», - деді сарбаз, гвардиялық-шабуылдаушы батальонының жасақ командирі, кіші сержант Ризат Кеңес.
Қатысушылар жүгіру эстафетасын Астана маңында орналасқан 36-шы десанттық-шабуылдау бригадасына тапсырды.