Тәуелсіздіктің құрдасы Бекзат Байхашев Бейнеу ауданына қарасты Бейнеу селосының тумасы. Ол бүгінде Маңғыстау облыстық “Ана мен бала” перинаталдық орталығының “Патология” бөлімінің меңгерушісі, акушер-гинеколог қызметін атқарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz
- Медицина саласын таңдауыма ата-анам себепкер болды. Ол кісілер ақ халатты дәрігер болуымды армандады. Ал акушерлік гинекология саласына баруыма анам қолдау көрсетті. Өзім де осы салаға қатты қызықтым. Бүгінде бірте-бірте алға қойған мақсатыма қолжеткізіп келе жатырмын. Еліміз жыл сайын қарыштап, өркендеу үстінде. Тәуелсіздіктің төл құрдасы ретінде елімізге адал қызмет етіп, ұлт саулығы жолында аянбай еңбек ете беремін,- деді Маңғыстау облыстық “Ана мен бала орталығы” Патология бөлімінің меңгерушісі, акушер гинеколог Бекзат Ерболатұлы.
Бекзат Байхашев 2006-2010 жылы аралығында Ақтөбе қаласындағы медицина колледжінде оқыған. 2011 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медициналық университетке оқуға түсіп, 2018 жылы тәмамдаған. 3 жыл резидентурадан өту үшін Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығында қызмет еткен. Ақ халатты дәрігер 14 жыл бойы медицина саласында оқып, білім алған.
- Медицина саласы ұзақ жылдар бойы оқуды талап етеді. Сондықтан бұл салаға ешкім кездейсоқ келмейді. Бұл сала үлкен табандылықты, сабырлықты талап етеді. Маңғыстау облыстық “Ана мен бала” орталығында жас дәрігерлер саны бірте-бірте артып келе жатыр. Орталықта тәуелсіздіктің құрдастары саналатын 4 дәрігер бар. Үшеуі акушер-гинеколог болса, біреуі неонатолог-дәрігер. Олар ана мен бала денсаулығы жолында күні-түні еңбек етіп, аналардың ыстық ықыласы мен алғысын ие болып жүр деп толықтай айта аламын. Оларға, мемлекет тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп келеді, - деді Маңғыстау облыстық “Ана мен бала” перинаталдық орталығының директоры Жапырақ Епенова.
Айта кетейік, Маңғыстау облысы туу көрсеткіші бойынша елімізде көш басында. Биыл облыстық перинаталдық орталықта 18 мыңға жуық нәресте дүниеге келген.