Маңғыстау облысында Тоқымақ жеріндегі теңіз суын тұшыту зауытының құрылысы жалғасып жатыр. Келер жылдың соңында аяқталатын маңызды нысан Жаңаөзен қаласы тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етіп, толық түрде мәселе шешілетін болады.
Зауытқа тапсырыс беруші «Ak Su KMG» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Орақ Аяпов зауыт құрылысының қазіргі жайы туралы айтты.
«Су тұшыту зауытының ерекше маңыздылығы - тәулігіне 50 мың текше метр су өндіреді. Негізгі мақсат Жаңаөзен халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болып отыр. Биылғы 1 қазаннан бастап зауытың құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Қазір Жаңаөзен қаласынан Тоқымаққа дейінгі аралықта 105 шақырымға созылатын су құбыры тартылып жатыр. 82 шақырым электр бағаналары және 40 шақырым жол салынуда», - деді Орақ Аяпов.