Ақтауға 27 наурыз күні Тегераннан чартерлік рейспен 100-ден астам турист ұшып келді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туристерді өнерпаздар күмбірлеген күймен қарсы алды. Жалпы Ақтау қаласына жыл басынан бері шетелден 14 мыңға жуық турист келген. Олар 10 күн ішінде өңірдің көрікті жерлерін аралайды. Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Оспан Нысанның айтуынша, туристердің басым бөлігі Иран елінен келеді.
- Ақтау қаласының туристік әлеуетін арттыру бағытында бірқатар жұмыс жасалып жатыр. 27 наурыз күні Ақтауға Тегераннан 112 жолаушы чартерлік рейспен ұшып келді. Қаламызға туристер басым бөлігі Иран елінен, сонымен қатар, Италия, Ресей және Франция елінен келген туристер де бар, - деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Оспан Нысан.