Бүгін Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығында Наурыз мерекесі аталып өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, облыс әкімінің орынбасарлары, қала әкімі, бас имам, БАҚ өкілдері мен ҮЕҰ жетекшілері қатысты.
Аға буын өкілдері жастарға бата беріп, жыл басы – Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ жастар орталығының жұмысына сәттілік тілеп, ұрпақ сабақтастығын сақтап, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегін атап өтті.
Өз кезегінде Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының басшысы Абылай Фазылбек биылғы Наурыз ерекше тойланып жатқанын тілге тиек етіп, келген меймандарға алғыс айтты.
- Дәстүрлі түрде "Mangystau Nauryz Fest" жастар фестивалі өтеді. Десе де биыл облыстық жастар ресурстық орталығы Наурыз мерекесін ерекше тойлап жатыр. Бұған аға буын өкілдері мен жастардың бір арнада басқосып, пікірлесіп, өзара сыйластығы еселене түсуі себеп. Наурыз - ақжарма тілек ақтарылатын, жақсылық пен ізгіліктің айы. Сондықтан да жастар үшін үлкеннен жақсы сөз естіп, бата алудың орны бір бөлек. Жастарға тілекші болып жүргендеріңіз үшін алғыс айтамын! - деді Абылай Фазылбек.
Наурыз мерекесі әрі қарай өнерлі жастардың концерттік бағдарламасына ұласты.