Бүгін, 22 наурызда теңіз жағалауында киіз үйлер тігіліп, Наурыз мейрамы тойланды. Мерекелік шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, барша маңғыстаулықты құттықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шара «Науша Наурыз – бақ, ырыстың бастауы» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Мерекеде облыс өнерпаздары мен халықаралық ән байқауларының лауреаты, белгілі әнші Бауыржан Исаев өнер көрсетті.
Амфитеатр алаңына 20 мыңнан астам адам жиналды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін киіз үйлер тігіліп, Наурыз көже мен ұлттық тағамдар әзірленді.
Дәстүр бойынша көрермендер қойылымдарды тамашалады. Әндер орындалып, ұлттық спорт ойындарынан жарыстар өткізілді. Сонымен қатар түрлі ұлттардың қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырылды.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, елдің жетістігі – халықтың бірлігі мен ынтымағы екенін атап өтті.
– Қазіргі таңда Қазақстан – әлемдік қауымдастықта лайықты орын алып отырған көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында ұлтына, тіліне, дініне, сеніміне қарамастан әрбір қазақстандық бәсекеге қабілетті болуы керектігін атап өтті. Президенттің басшылығымен халықтың әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау бағытында тапсырмаларды орындап келеміз. Құрметті маңғыстаулықтар, еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктері, саяси тұрақтылық, қоғамдағы келісім – біздің еңбегіміздің жемісі. Баршаңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Нұрлан Ноғаев.
Наурыз мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысында 250-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.