Енді қала тұрғындары №10, №11 маршруттарын «Infobus» мобильді қосымшасы арқылы бақылай алады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі автобус сағат 22:00-06:00 аралығында белгіленген кестеге сәйкес жүреді.
-Қалада түнгі мезгілде күнделікті екі автобус жүреді. 17 мамыр күні №10, №11 маршрут іске қосылған болатын. Бұл бастама Ақтау қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында жүзеге асырылып отыр, - деді Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің маманы Исматулла Адай.
Қоғамдық көлік камерамен және GPS қондырығысымен жабдықталған.
-Түнгі мезгілде жүретін автобустар қала тұрғындарының сұранысына сәйкес қала әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылды. Қоғамдық көлікте 8 камера бар. Оның алтауы облыстық полиция департаментімен бірлесіп жасалған. Барлық камера онлайн режимде істеп тұр. Тұрғындар тарапынан сұраныс түскен жағдайда автобустардың санын көбейту мәселесін қарастырамыз. Қала тұрғындары мен қонақтарынан қоғамдық көлікте тазалық сақтауды сұраймыз, - деді «Каспий Авто Парк» директорының орынбасары Жәнібек Миралиев.
Ақтау қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында жүзеге асырылып отырған бастама туралы қала тұрғындары өз пікірімен бөлісті.
-Түнгі мезгілде қатынайтын автобус біздің қаламызда бұрын соңды болмаған. Осындай уақытта жүретін автобус мен үшін өте ыңғайлы. Себебі мен жұмыстан кеш шығамын. Қоғамдық көлік үйімнің маңына дейін апарады. Ақтау қаласы әкімдігіне алғысымды айтамын, - деді Ақтау қаласының тұрғыны Ақансері Тілек.