Ақтау қаласының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесі бойынша «Сенім» медициналық клиникасы» ЖШС-да еңбек заңнамасын бұзу деректері анықталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы жылдың екі айында 287 жұмыскерге 76 млн теңгеден астам жалақылары төленбеген. Қала прокуратурасымен мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыныс енгізілді.
Қадағалау актісін қарау нәтижесімен жұмыс беруші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 87-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 100 АЕК мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалды.
Қазіргі таңда жалақы бойынша берешек толықтай өтеліп, жұмыскерлердің конституциялық құқықтары қалпына келтірілді.