«Ақтау менің қалам» қорының бастамасымен 18 шағынаудандағы жол жиегіне шаған (ясень) және арша отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстарына Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев те атсалысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ақтау - менің қалам» қоры «Green Plaza» ТҮК және 18 шағынаудандағы жол жиегіне жасыл желектерді отырғызу жұмыстарын жүргізді. Қор өкілдерінің айтуынша, жасыл желектерге автоматты тамшылатып суару жүйесі орнатылған. Қала басшысы тұрғындардың көгалдандыру жұмыстарына атсалысудың маңыздылығын айтты.
- Шаһарды көгалдандыру және абаттандыру мәселесі - басты назарда. Қазақта «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұлағатты сөз бар. Әрбір қала тұрғыны осындай игі бастамаларға атсалысуы арқылы Ақтаудың жасыл қалаға айналуына жол ашады, - деді қала әкімі Ұлықбек Тналиев.
Жалпы «Ақтау менің қалам» атты қоры бір жыл бұрын құрылған. Осы уақыт ішінде қор белсенділері қаладағы бірқатар шағынауданда абаттандыру жұмыстарын жүргізген. Атап айтқанда, 26 шағынауданда бір спорттық және екі балалар ойын алаңын салған. Сондай-ақ 14 шағынаудандағы «Тамшалы» ТҮК-де жарықтандыру жұмыстарын жүргізген.
- Қаланы көркейту - ортақ ісіміз. «Green Plaza» ТҮК және 18 шағынаудандағы жол жиегіне жалпы 130 шаған (ясень) және 130 аршаны отырғыздық. Өсімдіктер дұрыс өсуі үшін құнарлы топырақты қосып, автоматты тамшылатып суару жүйесін орнаттық. Бұл өз кезегінде суды үнемдеуге мүмкіндік береді, - деді «Ақтау - менің қалам» қорының құрылтайшысы Данияр Сандыбаев.