Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Жастар - жарқын істердің бастаушысы» атты форум өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz
Форумда философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы - Кеңшілік Тышханұлы, IT-аналитик, IT-ағартушы Тимур Бектұр, жеке кәсіпкер Бауыржан Сарыев пен жас көшбасшы, мұғалім Марат Қаниев қатысты.
Төртінші шағын ауданда орналасқан Holiday Inn қонақ үйінде өткен форумда зал оқушылар мен студенттерге лық толы болды. Мектепте, колледжде оқитын оқушылар мен студенттер білім ордасында, жалпы күнделікті айтыла бермейтін аса маңызды ақпараттарға, статистикаға, қызықты деректерге қанық болды.
Мәселен, бірінші болып сөз алған Кеңшілік Тышқанұлы тәрбие, құндылық, адамгершілік жайлы ойын ортаға салды. Ол материалдық және рухани игіліктің аражігін көрсетіп, қайсысын таңдаған дұрыс деп көпшілікке қайырыла сұрақ қойды.
- «Билікке келеміз, жемқорлыққа түсеміз. Жеке басымыз үшін қаржы жымқырамыз. Тек өз отбасымызды жақсы көреміз. «Мені шақпаған жылан мың жасасын» деген психология біздің қоғамды қасіретке әкеледі. Қазір қазақ қоғамында діни, дәстүрлі, өркениеттік құндылықтар бар. Дін керек, бірақ қай деңгейде керек? Және дінді қалай ұстануымыз керек? Соның нәтижесінде көптеген азаматтарымыз отбасылық құндылықтарынан ажырап, қайда, не істеп жүргенін түсінбейтін хәлге душар болып жатыр, - дейді теолог.
Ал IT ағартушы Тимур Бектұр жасанды интеллектінің бұдан әрі қарыштап дами беретінін, сәйкесінше бұқара халық та болашақта жаңа технологияларды меңгеруі керек дейді. Жасанды интеллект жұмыс орындарын азайтпайды, керісінше көбейтеді.
- Жасанды интеллектінің бізден айырмашылығы – оларда шығармашылық жоқ. Chatgpt-мен бәсекеге түсу үшін сіздерге шығармашылық керек, басқаша ойлау керек. Басқаша ойлау үшін кітап оқу керек. Әсіресе фантастикалық шығармаларды, қазақтың ертегілерін, аңыздарды оқу қажет, -дейді аналитик Тимур Бектұр.