Биыл Ақтауда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 154 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның облигациялық қарыздары есебінен қосымша 672 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Жалпы алғанда барлығы 826 пәтер сатып алу нәтижесінде кезектегі ХӘОТ саны 9% - ға азайту жоспарланған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапиннің айтуынша, өңірімізде 2023-2029 жылдарға апатты және ескірген 113 КПТҮ бұзу жолымен меншік иелерін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы бекітілген.
«Аталған жол картасына сәйкес 2023-2024 жылдарға Маңғыстау облысы Ақтау қаласының 3 шағын ауданындағы №34,35,36,37,38 тұрғын үйлерді бұзу жоспарланған. 2023 жылға Ақтау қаласы бойынша №34,35 тұрғын үйлері бұзылды. Аталған апатты тұрғын үйлердің орнына 5 қабатты 65 пәтерден тұратын № 71, 72 тұрғын үйлерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, апатты танылған №34,35,36,37,38 үйлердің 56 пәтер меншік иелері толық көшірілді. Бағдарлама шығындары жеке инвестор «Құрылыс Строй Сервис» ЖШС қаражат есебінен жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар, апатты танылған №36,37,38 үйлердің бұзылуы 2024 жылдың аяғына дейін жоспар бойынша ұйымдастырылып жатыр. Бұзылған үйлердің орнына жаңадан 5 қабатты 90 пәтерлі тұрғын-үйдің құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі биыл қараша айына жоспарланып отыр», - дейді ол.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта Маңғыстау облысы бойынша халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ:
2024 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 49 пәтер, «Шаңырақ» бағдарламасы аясында 36 пәтер берілді. Жылдың аяғына дейін тағы да 150 пәтер беру жоспарланып отыр. «Отау» бағдарламасы бойынша 25 пәтер берілген. Тағы 23 пәтер беру жоспарланған. «Маңғыстау жастары» бағдарламасы бойынша 43 пәтер берілген.
Айта кетейік, былтыр Ақтауда «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 123 пәтер сатып алынған.