Ақтауда «Дүниежүзілік денсаулық сақтау» күніне орай жүгіруден жарыс өтті. Шара Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Халықты салауатты өмір салтын ұстануға және денсаулықты жақсартуға үндейтін сайысқа еріктілерден өзге 150-ден астам медицина өкілдері қатысты. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров мұндай іс-шаралар азаматтардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізетінін тілге тиек етті.
-Бүгінгі жарыс спортпен айналысу, басты байлық саналатын денсаулыққа көңіл бөлудің маңыздылығын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ширақ қимыл-қозғалыс, спортпен белсенді әрі жүйелі шұғылдану түрлі аурулардың алдын алып, қорғаныс қабілетін қалыптастырады, - деді Аманбек Жұмыров.
Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық спорт басқармасы бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Жамбыл Бисенқұлов жарыс жеңімпаздарына ерекше сыйлықтар табысталатынын айтты.
-Бұл жолы да мәре сызығын бірінші болып кесіп өткенге арнайы марапатымыз бар. Жеңімпаздар спорт басқармасының дипломымен, медалі беріліп, өзге де бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Сондықтан, дәстүрлі түрде өткізілетін сайыстарға барлық тұрғындарды жиі қатысып тұруға шақырамын, - деді Жамбыл Бисенқұлов.
Бүгінгі жарыста қатысушылар 1 шақырымды жүгіріп өтті. Нәтижесінде Мұнайлы ауданының тұрғыны Бауыржан Римбаев мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, үздік атанды. Жүгіру спортымен 9 жылдан бері тұрақты айналысатын ол спорттың маңызы жөнінде айтты.
-Жыл сайын облыс аумағында өтетін спорттық іс-шараларға қатысамын. Дене қалпымды белсенді тұрмыс салтымды сақтап қалу үшін күнде таңертең жүгіруді әдетке айналдырдым. Халықаралық турнирлерде Маңғыстау намысын қорғап, спорт - денсаулық кепілі, деген ұстанымды ұстанамын. Сол үшін, барлық азаматтарды спортпен шұғылдануға шақырамын, - деді Бауыржан Римбаев.