Ақтауда 31А шағын аудан «Кеден» ғимаратынан бастап «Бәйтерек» сауда орталығына дейінгі автомобиль жолында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда мердігер мекеме қызметкерлері асфальт төсеу жұмыстарын жасап жатыр, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асхат Нұрмұханның айтуынша, 31А шағын аудан «Кеден» ғимаратынан бастап «Бәйтерек» сауда орталығына дейінгі автомобиль жолының бір жолағында асфальт төсеу жұмыстары басталды.
-№22 автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме ұзындығы 2100 метрді құрайтын асфальт төсеу жұмыстарын жүзеге асырып отыр. Бұл жұмыстарға 8 техника мен 15 жұмысшы жұмылдырылды. Одан бөлек, автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары барысында жол жиектерін жаңарту қарастырылған. Осыған байланысты қала тұрғындарынан аталған жұмыстарға түсіністікпен қарауды сұраймыз, - деді Асхат Нұрмұхан.
Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сәйкес, орташа жөндеу жұмыстары мына автомобиль жолдарында жүргізіледі:
-№22 автомобиль жолы, 31а шағын аудан «Кеден» ғимаратынан бастап 27 шағын аудан «Бәйтерек» сауда орталығына дейін. Ұзындығы 2100 м.
-№12 автомобиль жолы, 5а шағын аудан «Жалау Мыңбайұлы» ескерткішінен бастап 23 шағын аудан «Каспий жылу, су арнасы» мекемесіне дейін. Ұзындығы 2288 м.
-№31 автомобиль жолы, 31А және 31Б шағын аудан арасындағы автомобиль жолы Ұзындығы 457 м.