13 мамырда Маңғыстауда жайдарман ойындарынан «Маусымашар – 2024» фестивалі басталды. Жайдарман ойындарын «Боранқұл командасы» қоғамдық қоры Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен ұйымдастырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Биыл жайдарман ойындарына 52 команда тіркелген. Командалар арасында редакторлық жұмыстар жүргізіліп, 15 команда гала концертке жолдама алды. Әзілсүйер қауым кеше «Абай» атындағы мәдени демалыс кешенінде жиналып, маусымашардың алғашқы ойынын тамашалады.
«Жайдарман ойындары өте жоғары деңгейде өтті. Келген көпшілікті қағытпа қалжыңымен күлкіге қарық қылғаны ұнады. Әсіресе, мектеп жасындағы балалардың ойлау деңгейі мен әзілі көпті сүйсіндірді. «Мәмпәси» деген команданы ерекше атап өткім келеді. Жалпы жастардың өнерге, юморға деген қызығушылығы, ынтасы жоғары», - деді көрермен Шынар Құрмет.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл іріктеуден өткен командалар Жоғарғы лига, Премьер лига және Мектеп лигада өнер көрсетеді.
«Ойынның бір ерекшелігі ретінде Қарақалпақстаннан «Алмаз» командасының келіп, маусымашарға қатысуын айтуға болады. Биыл біздің мақсат – оқу орындары мен мектептен бір команда жасақтап шығару. Осы орайда биыл да актерлік шеберлік, сахна мәдениеті сынды шеберлік сағаттары өтеді. Сонымен қатар барлық аудан, қалада чемпионаттар ұйымдастырылады», - дейді «Боранқұл командасы» ҚҚ-ның жетекшісі Нұрбол Сағидуллин.
Айтуынша, маусымға тіркелу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Енді Мектеп лига мен Премьер лига ойындары қыркүйек-қараша айларында өтеді. Ал жазда Stand Up кеші және арнайы жобалар ұйымдастырылады.