ҚР Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінде еліміздің әр өңірінен жиналған 180-нен астам жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
– Бүгін біз үшін өте қуанышты күн. Әскери бөлім бізге ұнады, барлық жағдай жасалған, келген күннен бастап командирлер мен сержанттар әскери өмірдің қыр сырын үйретіп, көмек көрсетуде. Отанға деген борышымды адал атқаруға барымды саламын, – деді қатардағы жауынгер Нұрлан Өмірзақов.
– Бүгін біз баламыздың қуанышын көруге арнайы келдік. Кеше ғана ауылдан шығарып салған бозбала еді. Бүгін сапта сымдай тартылып, есейіп қалғандай. Командирлерінің қамқорлығына алғыс айтамын. Отан үшін берген уәдесін орындап, елге абыроймен оралады деп сенемін, – деді сарбаздың анасы Динара Әлімқызы.
Шара соңында жас сарбаздар қысқа уақыт ішінде өздері меңгерген қоян- қолтық ұрыстан, қарумен және қарусыз жауынгерлік ұрыс тәсілдерін көрсетті.
Ант қабылдау рәсімінен кейін бөлім басшылығы әскери бөлімнің клубында жас сарбаздардың ата-аналарымен кездесіп, сарбаздарға берілетін жуынатын заттарын, ас мәзірін, қысқы және жазғы киім үлгілерін көрсетіп, әскери бөлімнің атқаратын міндеттері туралы айтып жеткізіп, ата-аналардың қойған көптеген сұрақтарына жауап берді.