Ақтауда бірнеше шағынауданды жылумен қамтитын магистральдық жылу құбырын жөндеу жұмыстары аяқталды. Апаттық орында «Каспий жылу, су арнасы» МКК мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімінің айтуынша, ақау шыққан магистарльдық құбыр 1979 жылы салынған. Физикалық тұрғыдан ескірген.
- Кеше магистральдық 800 диаметрлік құбырда ақау шығуына байланысты бірнеше шағынаудандарда шектеу енгізілді. Осыған сәйкес, «Каспий жылу, су арнасының» қызметкерлері жұмылдырылып, ақауды реттеді. Сонымен қатар, облыс әкімінің төрағалығымен осында шұғыл штаб өткізіліп тиісінше тапсырмалар берілді. Аталған құбыр 1979 жылы салынды. Кеше ақау шығып, 9 метрдей құбыр ауыстырылды. Жаз мезгілінде магистральдық құбырларға опрессовка жүргізілді. Жалпы жаз мезгілінде 9 блоктік-модульдік қазандықтар орнатылды. Оған қосымша 90 гигокалорий жылу қосымша берілді.
Қалада қысымды көтеретін 7 станция орнатылды. Қазіргі таңда техникалық зерттеу жүріп жатыр. Осы құбырды ауыстыруға келесі жылға жоспарладық. Сонымен қатар 19 жоба экспертизадан оң қорытындысын алып, мердігерлер анықталды. Төменгі шағынаудандардан бастап жұмыстар осы жылыту маусымы біткеннен кейін басталатын болады. Сондықтан құрметті Ақтау қаласының тұрғындары бұл мәселе тікелей облыс әкімінің және менің бақылауымда тұрғанын жеткізгім келеді, - деді қала әкімі.
Жалпы Ақтау қаласында 438 шақырым жылу желісінің 72% тозығы жеткен. 464 шақырым су желісі бар, оның 88% ескірген.