Ақтауда 19 наурыз - жаңару күніне орай 12-шағын аудан Тобанияз Әлниязұлы ескерткішінің маңындағы аллеяға 30 ағаш отырғызылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымын өткен шараға қалалық мәслихат депутаттары, экобелсенділер, қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, аналар кеңесінің мүшелері, ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі және қалалық қоғамдық даму орталығының өкілдері қатысты. Экологиялық іс-шарада 10 жапырақты ағаш және 20 қылқан жапырақты ағаш отырғызылды.
"Наурызнама онкүндігіне сәйкес 19 наурыз - жаңару күні. Осыған байланысты қала аумағында жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызылуда. Негізгі мақсат - қаланың экологиялық жағдайын жақсарту. Мұндай шараларды алдағы уақытта да ұйымдастыру жоспарланып отыр, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Нұрбол Әділов.