Ақтауда «Сая» демалыс орнында еліміздің батыс аймағы бойынша Маңғыстау, Атырау, Орал Ақтөбе облысында тұратын «Зағиптар қоғамы» өнерпаздары қайырымдылық концертін өткізді. Шараны өткізудегі негізгі мақсаттары «Қазақ зағиптар қоғамы» арасындағы байланысты арттыру, тәжірибе алмасу және Маңғыстау облысында су тасқыны кезінде көмек көрсеткен адамдарға алғыс айту, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
- Облыс бойынша қоғамымызда 700-ден астам мүше бар, олардың 160-сы Ақтау қаласында тұрады. Мұнда төрт облыстан жиырмадан астам өнер иелері қонақтарға концерт қойды. Олар аспапта ойнайды, ән де айтады, би де билейді, - деді Маңғыстау облысы зағиптар қоғамының төрағасы Аманкелді Мұхаммедов
Шарада жабырқап жүрген жан жоқ. Бойы қорқыныш пен комплекстен ада жандар бар өнерін ортаға салды. Көрермендер де риза.
«Қазақ зағиптар қоғамы» кеңес заманында, 1937 жылы құрылған. Олар мүгедектердің өміріндегі шектеулерді жоюға, мүдделері мен құқығын қорғауға, саяси сауатын арттыруға, әлеуметтік интеграцияға, мәдени және спорттық шараларға тартуға күш салады.
Өнерпаздар облысқа үш күнге қонаққа келген. Бағдарлама бойынша, концерттен кейін олар қаланың көрікті жерлерін аралауға шығады.