Ақтауда 6-шағынауданда облыстық жастар ресурстық орталығы ғимараты жанынан маңғыстаулық волонтерлерге арналған «QOLDAU» фронт-кеңсесі ашылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Аталған кеңседе волонтерлермен қатар үкіметтік емес ұйым өкілдері де өз жобаларын тегін негізде іске асыру мүмкіндігіне ие.
- Аймақтағы жастар саясаты бағыттарының бірі волонтерлікпен айналысатын жастардың үлесін арттыру. Осы бағытта басқарманың қолдауымен екі әлеуметтік жоба іске асырылып жатыр. Алғашқы жоба волонтерлерге арналған фронт-офис қызметін үйлестіру. Кеңсенің ішінде волонтерлік топтар семинарлар мен тренингтерді тегін өткізе алады. Сонымен қатар, кеңсе ішіндегі материалдық-техникалық базаны тегін пайдалана алады. Кеңсе интернетпен және қажеттті құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Сонымен қатар, екінші жоба аясында басқарманың қолдауымен волонтерлік топтар мен бастамашыл топтардың жетекшілеріне арналған кешенді оқыту бағдарламасы өтеді. Сондай-ақ, волонтерлік топтарға арналған 300 мың теңге көлемінде 15 қаржылай қайтарымсыз грант арнайы комиссия мүшелерінің тексерісімен берілетін болады, - дейді Абылай Фазылбек Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы.
Қазіргі таңда облыс бойынша волонтерлікпен айналысатын 53 бастамашыл топ, 10 үкіметтік емес ұйым бар. Жалпы өңірдегі волонтерлердің саны 5230 адам.
- Мен Маңғыстау жоғары политехникалық колледжінде ұстаз қызметін атқарамын. «Үміт сәулесі» волонтерлер клубы 2019 жылдан бері қызмет етеді, колледж мұғалімдерінен құралған. Пандемия, су тасқыны секілді төтенше жағдайларда ұйым өте белсенді жұмыс атқарды. Қазіргі таңда құрамымызда 17 ұстаз, 50 студент бар. Бүгін біз үшін қуанышты жағдай. Өйткені волонтерлер тек қана ел басына күн туғанда қызмет көрсетпейді, қайта жастарды жақсылыққа бағыттау мақсатында да жаңа жобалар ұйымдастыруы тиіс. Мұндай кеңселерде жиындар өткізу өте тиімді. Алдағы уақытта тың идеяларымыз бен жаңа жобаларымызды осы кеңседе жүзеге асыратын боламыз. Ұйымдастырушыларға, басқармаға алғысымыз шексіз, - дейді «Үміт сәулесі» волонтерлер клубының мүшесі Хасан Қазақ.
Айта кетейік, «QOLDAU» фронт офисі Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың қолдауымен ашылып отыр.