
Ақтау қалалық полиция басқармасы ескертуді елемеген, қоқысты және құрылыс қалдықтарын заңсыз тастаған азаматтарға айыппұл салынатындығын ескертеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме беріп.
Жиһаз немесе ескі сантехника секілді құрылыс қалдықтарын қоқыс контейнерлеріне тастауға болмайды. Ол үшін құрылыс қалдықтарын шығарумен айналысатын арнайы қызметке қоңырау шалу керек.
«Ескертуді қаперіне алмай, құрылыс қалдықтарын контейнерге немесе басқа жерге тастаған азаматқа 20 АЕК мөлшерінде (шамамен 69 мың теңге) айыппұл салынады. Егер тұрғын үйдің аумағында, кіреберісінде немесе баспалдағында, сондай-ақ, көшеде, ойын алаңында қоқыс тастаған азаматқа бірінші ескерту беріледі. Ескертуді елемеген азамат 10 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады», - деп жазылған хабарламада.
Егер көрішіңіздің немесе басқа тұрғынның қоқыс тастаған фактісі бойынша дәлеліңіз болса өз шағын ауданыңызға қарасты учаскелік полиция инспекторына аталған мәселе бойынша жазбаша өтініш жолдау қажет.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 505-бабы қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру бойынша жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн тағы қайталанған жағдайда, жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.