Бүгін Құлсары қаласынан эвакуацияланған азаматтарға Ораза айт мерекесіне орай дәм ұсыну - айттасу шарасы ұйымдастырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Су тасқынынан жапа шеккен құлсарылықтарға бауырлас Түркия елі бірінші күннен-ақ қолдау білдіріп келеді. Ақтөбе, Атырау, Орал қалаларындағы түрік азаматтары мен кәсіпкерлері жұмылып әрекет етіп, қазақстандықтарға қолғабыс көрсетіп жатыр. Қазіргі таңда түрік азаматтары бірігіп, топан сумен күресуге атсалысып, 35 техника мен 100-ден астам ерікті түрік азаматтары халықпен бірге болып, оларға жан - жақты көмек білдіруде.
Шара басында Ақтау қаласындағы Түркия Республикасының бас консулі Сабри Альптекин сөз сөйлеп, қашан да қолдауға дайындығын, қазақстандықтармен бірге екенін айтып, Ораза айт мерекесімен құттықтай кетті.
- Бүгін Ораза айт мерекесіне байланысты Ақтау қаласында Құлсары қаласынан келген азаматтардың көңілін табу, оларды айт мерекесімен құттықтау мақсатында осындай іс - шара ұйымдастырдық. Маңғыстаудағы түрік кәсіпкерлері, қаладағы қонақ үйлердің басшылары қолдарынан келген көмегін аяп жатқан жоқ. Біздің Түркия Республикамыздың үкіметі Қазақстан халқына барлық қолдан келетін көмектерін аямайтынын айтты. Осы қиындықтан абыроймен өтіп, барлығы жақсы болып кетеріне сенеміз. Баршаңызды келіп жеткен Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! - деді бас консул Сабри Альптекин.
Құлсарыдан келген тұрғындарға түрік азаматтарының, қаладағы жеке кәсіпкерлер мен қонақ үй басшыларының қолдауы ерекше. Бүгінгі шараға қатысып отырған жұртшылықтың барлығы қазіргі уақытта Ақтау қаласындағы «Viktory» қонақ үйіне орналастырылған. Келушілер қонақ үй басшысы Карадаш Сельчукке және ондағы қызметкерлерге риза болып, жүрек жарды ізгі тілектерін айтып жатыр.
- Мұсылмандарды Ораза айт мерекесімен құттықтаймын. Қазіргі таңда су тасқынынан зардап шеккен қазақ азаматтарына қолдан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз. Біздің қонақ үйімізде Құлсарыдан келген 70 азаматты қонақ қылып жатырмыз. Қазақ еліне Алла жар болсын. Біз біргеміз! - деді Карадаш Сельчук.
Осы орайда өз алғысын білдіру мақсатында құлсарылық Жанаткүл Абашева сөз сөйлеп, барлық көмек берушілерге ризашылығын білдірді.
- Біз жексенбі күні бірінші Мұнайлы ауданында болдық, кейіннен осы Ақтау қаласындағы қонақ үйге орналастық. Мұнайлы ауданы да бізді жақсы қарсы алды. Мен енді мұнайлылықтарға да, ақтаулықтарға да рақметімді айтамын. Бала - шағаларының қызығын көрсін. Уайым - қайғы болмасын. Бүгін дастархан жайып, көңіл бөліп жатырған бас консулге, «Victory» қонақ үйінің бастықтарына, тамағымызды дайындап жүрген қыздарыма да алғысым шексіз. Шаңырақтарына Алламның нұры жаусын. Елімізде жаманшылық болмасын! - делі құлсарылық тұрғын Жанаткүл Абашева.
Мұның бәрі ұлттар арасындағы татулық пен біртұтастылықтың, қазақ - түрік бауырластығының дәлелі.