Ақтауда Медиация күні қарсаңында «Елдесу және татуласу» бірыңғай жобасы аясында «Ашық алаң» шарасы өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шараға халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының өкілдері, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары және кәсіби медиаторлар қатысты. Келушілерге еңбек дауы, отбасылық жанжалдарды, азаматтық-құқықтық қатынастар мен көші-қон саласындағы, сондай-ақ басқа да саладағы мәселелерді шешу жолы түсіндірілді.
Маңғыстау облысы бойынша медиация орталығының басшысы Орхан Сәлімовтің айтуынша, соңғы бес жылда өңірде медиация институты қарқынды дамып келеді.
«Атап айтқанда, 2023 жылы кәсіпқой медиаторларға 80 азамат жүгінсе, оның 80 % соттан тыс келісімге келуге мүмкіндік алды. Биыл 70-тен астам адам дауды медиация тәртібімен шешуге ниет білдірсе, олардың біреуі ғана ұсынылған татуластыру нұсқаларымен келіспеді, қалғандары дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге қол қойды. Мәселені медиация тәртібімен шешу дауласушы тараптардың уақытын, қаржысын және эмоционалдық күшін үнемдеуге және жанжалдарды тиімді шешуге мүмкіндік береді», — деді Орхан Сәлімов.
Еске салайық, ҚР-ның «Медиация туралы» Заңы 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Содан бері 5 тамыз Қазақстанда Медиация күні ретінде атап өтіледі.