
Облыс тұрғындарын газбен қамту бағытына қатысты бірқатар жұмыстар атқарылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапин айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
«Мәселен, «Маңғыстау ауданының 15-разъезд елді мекенін газбен жабдықтау құрылысы» ұзындығы 27,9 шақырымға созылған. 2023 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып, 27,9 шақырым газ құбыры толығымен орнатылды. Нысанды пайдалануға беру биылғы қазан айына жоспарланған. «Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданы Тасмұрын және Тиген тұрғын алаптарының газ тарату жүйелерін салу» жобасының ұзындығы – 50,35 шақырым. Қазіргі таңда 22 шақырымында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Газ тасымалдау жүйесінің өңірлік бөлігі 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді және жоғары жүктемемен жұмыс істейді. «Бейнеу – Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының максималды өнімділігі жылына 3,1 млрд. м3, «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» МГ – 2,68 млрд.м3. Күзгі-қысқы кезеңдерде шекті жүктемеде жұмыс істейді», деді Серікқали Қанапин.
Осыған орай газ жүйесін жаңғырту бойынша 3 жоба іске асырылуда, оның ішінде басқарма тарапынан 1 жоба бар.
- «Жұмыс істеп тұрған «Окарем – Бейнеу» магистралдық газ құбырына қосу нүктесімен «Жаңаөзен – Ақтау» магистральдық газ құбырының төртінші желісін салу» жобасы. Мердігер мекеме – «Транс Азия Констракшн» ЖШС. 2023 жылға бүгінгі таңда 46 шақырым орнатылды. Биыл жобаға түзету жұмыстары жүргізілуде. Жобаны аяқтау 2025 жылға жоспарланып отыр, - деді Серікқали Қанапин.
Сонымен қатар, спикер «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Ақтау» магистралды газ құбырлары басқармасы тарапынан жүргізіліп жатқан жобалар туралы айтты.
- «Жаңаөзен – Жетібай – Ақтау» магистралдық газ құбырын Ду 720 мм, «КазГПЗ - КС – Жаңаөзен» магистралдық газ құбыры Ду 720 мм, «Жаңаөзен – Жетібай – Ақтау» магистралдық газ құбыры Ду 529/530 мм 3 тармағын күрделі жөндеу» жобасы құбырының ұзындығы 3,3 шақырымға созылған. Мердігер мекеме – «Қағам» ЖШС. 2022 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған, қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда нысанды тіркеу жұмыстары жүргізілуде. «Бейнеу – Жаңаөзен» магистралдық газ құбырының 1-тармағын күрделі жөндеу» жобасы құбырының ұзындығы - 13,38 км. «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Ақтау» магистралды газ құбырлары басқармасы тарапынан 2022 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып бүгінгі таңда 2,58 шақырым ақаулы газ құбыры ауыстырылды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2024 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған, - деді МО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Серікқали Қанапин.