Маңғыстау облысының тұрғындарын әлеуметтік желі арқылы алдап ақша алған азамат ұсталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қала тұрғындарына алаяқ “белгілі бір сомадағы қаражат салсаңыз, бірнеше есеге көбейтіп беремін” деп уәде беріп, кейін сөзінде тұрмай алдап кеткен. Осыдан кейін сан соғып қалғандар полицияға арызданды.
Жәбірленушілер алаяқтың есепшотына әр түрлі көлемде ақша жіберген. Келтірілген шығын 660.000 теңгені құрап отыр.
Криминалдық полиция қызметкерлері 39 жастағы күдіктіні қолға түсірді. Аталған дерек қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша тіркелді. Өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жария етілмейді.
Осы орайда Маңғыстау облысы Полиция департаменті тұрғындар алаяқтардың құрығынан сақ болуға шақырып, сенімсіз, бөтен есепшоттарға ешбір жағдайда ақша аудармауды сұрайды.