Мәнерлеп сырғанаудан маңғыстаулық спортшы Гауһар Наурызова «Denis Ten Memorial challenge» халықаралық турнирінде өнер көрсетті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы қаласында Денис Тенді еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнирде маңғыстаулық мәнерлеп сырғанаушы Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев сынға түсті. Алғашқы алтылықта өнер көрсеткен қазақстандық Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев қос бағдарлама қорытындысы бойынша 145,12 ұпай еншілеп, 7-сатыға жайғасты.
Гауһар жарыс қорытындысына сәйкес алда өтетін мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық чемпионатына, универсиадаға және әлем чемпионатына ұпай жинады.
Маңғыстаулық Гаухар Наурызова мен Бойсангур Датиевпен бірге 2016 жылдан бері жұп болып өнер көрсетіп жүр. Сол уақыттан бері олар үш рет Қазақстан чемпионы атанды. Сондай-ақ, жыл басында Венгрияда өткен халықаралық Jegvirag Cup турнирінде күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Сондай-ақ, спортшы жұп Францияда 21-27 наурыз аралығында өткен Әлем чемпионатына жолдама алған болатын. Бүгінде жерлесіміз Мәскеуде жаттығады.