Абай атындағы мәдениет сарайында ақын, журналист Рахат Қосбармақтың «Бесінші мұхит - берен жыр, сегізінші бояу – өлең-дүр» атты жыр кеші өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Алқалаған әлеумет алдындағы ақынның есеп беру іспетті жыр кешінде ойлы оқырман ерекше әсерге бөленді. Кең құлашты, мол тынысты ақынның өмірлік ұстыны, пікір-пайымы, тұңғиық ой иірімдері киелі сахна төрінен көкірегінде лекіген толқын-жыр болып төгіле бергендей еді. Ақынның шығармашылық кешіне республиканың әр түкпірінен ел-жұртқа есімі етене таныс мемлекет және қоғам қайраткерлері, қадірлі курстастары, өңірдің зиялы қауым өкілдері, ағайын-тумасы, көзқарақты оқырманы қатысты.
«Ақын кешіне алыстан ат арытып, адалдық пен азаматтыққа берік үзеңгілес серіктері, жора жолдастары келіп отыр. Баршаңызға алғысым зор. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» дейді Ұлы Абай. Өнер де өлең де өміршең. Ұлан-байтақ даламыздың қай қиырына зер салып, тарих тереңіне бойлар болсақ, ықылым замандардан ақындық өнер сабақтастығының тіні үзілмей жалғасып келе жатқандығына куә боламыз. Маңғыстау өңірінде бұл дәстүр сонау Сыпыра жырау, Қашаған, Ақтан, Нұрым, Мұрын, Мұрат сынды данагөй ақын-жыраулардан бастау алып, бүгінде қара өлеңнің киесі қонған ақындармен өміршеңдігін жалғап келеді. Ұрпақтар сабақтастығы - мән-мазмұны терең ұғым. Рахаттың өлеңдеріндегі шымбайға батар шындық, қоғамдағы көкейтесті түйіткілдердің шешімін көксеген ой өзегі баршамызды бірдей толғандырады. «Әр кәллада бір қиял» демекші, қоғамдағы демократиялық өзгерістер төңірегінде пікір алуандығы мен ізденістердің туындауы заңдылық. Ел Президентінің азаматтық қоғам институттарын жетілдіру міндетін басты меже ретінде белгілеуі де тегін дүние емес. Бұл дегеніміз көшелі пікір, келелі ой білдіретін азаматтардың билік өкілдері қабылдайтын шешімдерге араласуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Елдік туын тік көтерген ерте заманда дала демократиясының данагөйлеріне иек артып, халқымыз келте пішіп,таяз ойлаудан, сараң шешімнен бойын аулақ салып, ел тізгінін қолдан шығармады. Сондықтан ортақ мүдде жолында, Отанымыздың кемел ертеңі үшін ерен еңбек ете білуіміз қажет. Дана халқымызда «Алдыңдағы ағаңның етегін баспа, жолын қу, артыңдағы ініңнің бетін қақпа, белін бу» деген аталы сөз бар. Ел ағасы ретінде ізіңізді өкшелеген ізбасар інілеріңіз бен жас ұрпақтың түзу бағытта жүруіне ықпал ету азаматтық парызыңыз деп білемін»,-деген Нұрлан Ноғаев ақынға сый-құрметін көрсетті.
Кеш барысында ақын сөзіне жазылған «Бұл қоғам», «Дүние-ғайып», «Іңкәрім», «Ару бейне», «Махаббатым», «Қазгуград» әндері шырқалды.
Арыны бөлек, дарыны даусыз ақын кеші туралы толық материалды «Маңғыстау» газетінің келесі нөмірінен оқи аласыздар.