Ақтауда жаңбырдың салдарынан жөнделген 11 шағынаудан 35 үйдің төбесінен су өткен. Тұрғын қалалық мәслихат депутаттарының жылдық есеп беру кездесуінде тұрғын үй төбесін жөндеу мәселесін көтерді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
-Үйіміздің төбесі жақында жөндеуден өткен. Бірақ үш күн болған жауын-шашыннан кейін төбеден су өтіп кетті. Енді оны қайтадан келіп кім жөндейді? Содан кейін біз қызмет көрсетуші мекемеге қандай да бір сұрақпен барсақ, бәрі ақылы дейді. Сонда біз не үшін ай сайын қызмет көрсетуші мекемеге ақша төлеп отырмыз, - деді қала тұрғыны.
Аталған тұрғын үйге қызмет көрсетуші мекеме өкілі жөндеуді жасаған мердігер компания екенін айтты. Қызмет көрсетуші мекеме өкілінің айтуынша, мердігер компанияның жөндеуді жасағаннан кейінгі кепілдік мерзімі бар. Яғни, осы кепілдік мерзім ішінде тұрғын үйдің төбесін қайта жөндеуге міндетті. Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаев қызмет көрсетуші мекеменің міндеттерін айтты.
-Қызмет көрсетуші мекеме тұрғын үйді күтіп ұстауға, яғни тазалығына және ағымдағы жөндеу жұмыстарына жауапты. Ал тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары тұрғындардың өз қаражаты есебінен немесе «Қайтарымды қаражат» бағдарламасы арқылы жасалады, - деді Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрадин Көшербаев.
Сондай-ақ кездесуде тұрғындар тұрғын үйдің жертөлесінде орнатылған сорғының(насос) істен шыққанын айтып, жөндеу керектігін жеткізді. Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Жақыповтың айтуынша, тұрғын үйдің жертөлесіндегі сорғы(насос) тұрғындардың ортақ мүлкіне жатады.
-Тұрғын үйдің жертөлесіндегі сорғы(насос) тұрғындардың ортақ мүлкіне жатады. Оны қызмет көрсетуші мекеме тексергені жөн. Магистральдық құбырдан уақытша ауыз су шектелген кезде, міндетті түрде жертөледегі сорғыны(насос) өшіру керек. Егер де өшірілмесе, бұл сорғының(насос) бұзылуына әкеледі, - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов.
Сонымен қатар жиында Өмірзақ ауылында орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосу бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткені мәлім болды. Жоба келесі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына қаржыландыруға ұсынылады.