Апат айтып келмейді
Наурыз айының 25-інен бері ел іші дүрбелең. Қыс бойы молынан жауған қар еріп, сел боп аққан су бірнеше өңірдегі ауылдарды басып салды. Ұлытаудан басталған әбігер әп-сәтте өзге облыстарда жалғасты. Қазақстанның он облысына бірдей су басу қатері төнді. Бірнеше қала мен ауданда төтенше жағдай жарияланды. Қарғын судан елді мекендер халқы зардап шегіп, ауылдағы ағайынның төрт түлік малы мен үй-жайлары суға кетті.
Жыл сайын наурыз бен сәуір айында қайталанатын су тасқынының алдын алуға тиісті орындар биыл да дайын болмады. Жауапсыздық пен немқұрайлылық салдарынан қарапайым халық материалдық шығын көріп, үйіндегі мүлігі мен даладағы түлігі, жиған-тергендері су астында қалды. Күрделі жағдайды үкімет өз мойнына алып, республикалық және өңірлік жедел штабтар құрылды. Барлық күш жұмылдырылып, 7 мыңға жуық адам, 2 мыңға жуық техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Су басқан аймақтың тұрғындары тікұшақпен эвакуацияланып жатыр.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов жағдайдың қатаң бақылауға алынатынын, зардап шеккендерге үкімет пен әкімдік тарапынан қажетті көмек көрсетілетінін айтты.
Маңғыстауды су басу қаупі бар ма?
Су басу қаупі болмашы аймаққа кіретін Маңғыстау облысында да дайындық жұмыстары күшейтілді. Өңірде өзен, көл жоқ болса да, нөсер жаңбыр мен жер асты суларының көтерілуі салдарынан су жиналуы ықтимал жекелеген жерлер бар. Олар – Ақтау және Жаңаөзен қалалары, Бейнеу және Мұнайлы аудандары. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, аймағымызда судың қауіп тудыратын мөлшерде жиналуының басты себептері – жер асты суларының жиі көтерілуі және олардың қысқы және көктемгі кезеңдерде кездейсоқ жерлерден шығуы, сондай-ақ салынған үйлердің немесе құрылыстардың төменгі жыраның бойында орналасуы. Үнемі ылғалдылығы жоғары жерлерде жауын-шашын кезінде жаңбыр суының жерге сіңбей, көлкіген суға айналуы да тұрғындар үшін қауіпті.
Қазгидромет: Сәуірдегі жаңбыр
нормадан тыс көп жауады
Маңғыстау синоптиктері сәуір айында жауын-шашынның айлық мөлшері нормадан артық болады деген болжам айтып отыр.
– Сәуір айында жаңбыр бірінші, екінші он күндік ортасында және соңында жауады, ал үшінші он күндікте жиі жауады деген болжам бар, – дейді «Қазгидромет» РМК Маңғыстау облысы бойынша филиал басшысы АйгүлТөлеуғалиева.
Ал жаңбыр мен нөсердің үздіксіз жаууының салдары қарғын суға ұласа ма, әзірше ауа райын болжаушылар оны тап басып айта алмайды.
– Жауын-шашын қарқыны тікелей ауа массаларына және жер беті барикалық өрістердің бағыты мен дамуы жағдайына байланысты. Облыс бойынша күн сайын алдағы үш тәулікке ауа райы болжанады. Сонымен қатар айлық және он күндік болжам шығарамыз. Айлық болжам он күндік болжаммен нақтыланады, – дейді Айгүл Борисқызы.
Жаман айтпай жақсы жоқ
Қарғын қаупіне дайындық:
Облыстық төтенше жағдайларды жою басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дінмұхаммед Пірімжанның айтуынша, жоғарыда айтылған тәуекелдерді ескере отырып, 9 рет облыстық, қалалық және аудандық деңгейде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысы өткізілген.
– Маңғыстау облысының аумағындағы су тасқыны кезеңіне дайындықтың 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар шеңберінде автомобиль және темір жол учаскелеріндегі су өткізу құрылыстары тазаланды, инертті материалдар қорларын, су тасқынына қарсы іс-шараларға тартылатын күштер мен құралдардың дайындығы, су өткізу арналары мен дренаж жүйелерінің дайындығы тексерілді, – дейді азаматтық қорғау аға лейтенанты Дінмұхаммед Ғалымжанұлы.
Өңірімізде су тасқыны қаупі бола қалған жағдайда эвакуацияланатын халықты уақытша орналастыру үшін 201 уақытша орналастыру пункті, 160 эвакуацияланғандар жиналатын пункт және 172 эвакуацияланғандарды қабылдау пункті бар. Халыққа ыңғайлы болуы үшін жоғарыда аталған пункттердің орналасуы туралы мәліметтер 2Gis мобильдік қосымшасына енгізілген.
– Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдай асқынған жағдайда жеке құрамның жалпы саны 1 563 адам, 451 техника, 18 жүзу құралы және 103 мотопомпадан тұратын күштер мен құралдар тобы құрылып, дайын тұр, – дейді Дінмұхаммед Пірімжан.
Облыс бойынша су тасқыны зардаптарының алдын алу және жою үшін 1 900 тоннадан астам инертті материалдар, 1 500 құм салынған қап және жанар-жағармай үшін 670 тоннадан астам қор дайындалып, тамақтану үшін 53 шарт жасақталған.
Сондай-ақ республиканың басым бөлігінде су тасқыны жағдайы күрделенуіне байланысты Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайларында басқару орталығында 30 наурыздан бастап жедел штаб құрылды.
Маңғыстаулық құтқарушылар – Ақтөбеде
Маңғыстау облысының ТЖД жедел тобы су тасқынынан зардап шеккен Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына көмек көрсетіп жатыр. Екі күннен бері су тасқынына тосқауыл қою үшін бөгеттер қойып, тұрғындардың үйін судан тазартып жатыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінен Ақтөбе облысына 52 адам, 5 техника және 8 мотопомпа жіберілді. Ал Батыс Қазақстан облысында 46 адам, 5 техника, 8 мотопомпа және 2 үрмелі қайықпен апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Нақтыласақ, Ақтөбенің Мұқан тау дамбасына бөгеттер қойылды, Шұбарқұдық, Қобда ауданы тұрғындарының үй ауласында су сору жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 55 текше метр су шығарылып, тазартылды. Қобда мен Хабаловка тас жолына 700-ге жуық қап қойылды және арнайы техниканың көмегімен еріген қар суының ағысы тоқтатылды, – дейді ТЖБ бастығының орынбасары Нұрлыбек Айжарықов.
Ел басына күн туған шақта маңғыстаулық құтқарушылар тасқын сулардан зардап шеккен халықты жүзу құралдарының көмегімен қауіпсіз жерге эвакуациялап, мотопомпалардың көмегімен аулалардың, тұрғын үйлердің ішінен су қотару жұмыстарын жүргізіп, жеке құрам инертті материалдар дайындап, судың өтуін тежейтін жасанды бөгет салып жатыр.
Су тасқыны салғырттықты кешірмейді
Осы жылы өзге өңірлер үшін сәуір тәуір басталмады. Күрт еріген қар суынан көктемгі су апатына тап болды. «Сәуір айы – малшыға сарыуайым, малмен бірге бағады ауа райын» дегендей, малмен жан баққан қазақты қарғын су әлекке салды. Табиғи апат деуге де келмейді. Мұхитты меңгеріп, теңіз бен тоғанның тап жанынан зәулім қабатты қала салған елдер тасқын су салғырттықты кешірмейтіндігін жақсы біледі. Біледі де қам етеді. Біздегі қам – салдармен күресу. Су мәселесін дұрыс меңгеріп, елдің континенттік климатын қажетке жаратып, қарғын судың да қорын тиімді пайдалануға болатынын айтып, ел ішіндегі көзі қарақты азаматтар бебеу қағып жатыр. Бұл жағдай өнер білім бар жұрттардан тәжірибе алмасып, гидротехникалық инженерия, су ресурстары саласын дамыту мәселесін алға қойып отыр.
Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ
«Маңғыстау» газетінің 2 сәуір 2024 жылғы нөмерінде жарияланды