Ақтауда 19-шағын ауданда орналасқан «Тұран» тұрғын үй кешенінің ауласы жасыл оазиске айналған. Жасыл желектерді суару және күтіп баптау жұмыстарын үлгілі тұрғын үй кешенінің мүлік иелері бірлестігі жүргізеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тұран» тұрғын үй кешенінде жалпы 195 пәтер орналасқан. Тұрғын үй А, В, С деген блоктардан тұрады. Кешенде сегіз подъезд бар. «Тұран» тұрғындары үйді күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу мақсатында қызмет көрсетуші компаниямен келісім-шартқа отырған. Аталған тұрғын үй кешеніндегі мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Жандос Шәріпханның айтуынша, үйдің ауласында жасыл желектерді суаруға арналған автоматтандырылған суару жүйесі орнатылған.
-«Тұран» тұрғын үй кешенінің мүлік иелері бірлестігінің төрағасы, әрі тұрғынымын. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын үнемі қадағалаймыз. Тұрғын үй ауласында жасыл желектерді суаруға арналған автоматтандырылған суару жүйесі орнатылған. Жасыл-желектер арнайы әкелінген құнарлы топырақта өседі. Күтіп ұстау жұмыстарын қызмет көрсетуші компания жасақталған келісім-шартқа сәйкес жүргізеді. Қызметкерлер тұрғын үйдің ауласын, кіреберісін аптасына 5 күн тазалайды. Кей кезде қызметкерлер тұрғындардың өтінішін орындау мақсатында қажет жағдайда келісім-шарттан тыс шараларды да жүргізеді. Мүлік иелері бірлестігінің тұрғындармен арнайы чаты бар, - деді мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Жандос Шәріпхан.
Қызмет көрсетуші компанияның бас инженері Азамат Саркеновтың айтуынша, тұрғындардың өтініштеріне жауап беретін арнайы диспетчерлік қызмет жұмыс істейді.
-Тұрғындар тарапынан қандай да бір мәселе туындаған жағдай диспетчерлік қызмет тәулік бойы жұмыс істейді. Тұрғын өтінішіне сәйкес мәселені шешу мақсатында арнайы маман барады. Жөндеу немесе басқа да жұмыстар бойынша тұрғындарға алдын ала хабарландыру жіберіледі, - деді қызмет көрсетуші компанияның бас инженері Азамат Саркенов.