Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД тергеу изоляторында сотталғандар арасында аталған күнге орай іс-шара өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Шараға мекеме басшылығы, Адам құқықтары жөніндегі Маңғыстау облысы бойынша уәкілі Асылан Кужиев қатысты.
18 шілде - аты әлемге танылған ұлы тұлға, Оңтүстік Африка Республикасының президенті Нельсон Манделаның туған күні. Бұл күн жыл сайын өңірдің ҚАЖ мекемелерінде өткізіледі. Шара барысында тарихи тұлға туралы, оның өмір жолы мен еңбектері жайында айтылды.
"Өмірде құлап, қайта тұру - нағыз зор еңбек. Оның өнегелі жолы әр адам үшін үлгі болары сөзсіз. Манделаның бейбітшілік пен бостандыққа қосқан үлесін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Дүниежүзі тарихында ойып тұрып орын алған, өшпес із қалдырған, халықтың ыстық ықыласына бөленген бірегей тұлға, - деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары әділет майоры Азат Шабиков.
Шара соңында қатысушылардың назарына Нельсон Мандела туралы деректі фильм ұсынылды, кейін ой-пікірлермен бөлісті.