6 тамыз күні теңіз жағалауында «Jastar Week» апталығы аясында тоғызқұмалақтан облыстық ашық чемпионат өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Іс-шараны «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі «Ұлттық құндылық - ұлттың қазынасы» жобасы аясында ұйымдастырды. Қоғамдық қордың жоба жетекшісі Гүлназ Баймурзаеваның айтуынша, тоғызқұмалақ ойыны адамның ой-санасын дамытып, зияткерлік қабілетін шыңдайды. Сонымен қатар аталған іс-шараның басты мақсаты - жастар арасында ұлттық ойынды кеңінен насихаттау.
- Ашық чемпионатқа 15-25 жасқа дейінгі және 25-35 жасқа дейінгі ерлер және қыздар қатысып, бөлек сынға түсті. Жарыс реттелмелі-айналмалы жүйемен блиц бойынша өтті. Әр ойыншыға блиц 5 минут және қосымша 2 секунд берілді, - деді Гүлназ Баймурзаева.
Облыстық чемпионатқа 150-ден астам жас тіркеліп, 100 адам қатысты. Солардың бірі - Мөлдір Ершиева.
- Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі ойынды насихаттап жатқандары үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді. 18 жаста ойнауды бастағаныммен, ұлттық спорт уақыт өте келе ұмытыла берді. Жақын арада қайта қызығушылығым артты, бүгінгі жарысқа да жадыма қайта түсіру үшін тіркелдім. Сонымен қатар, мұндай іс-шара өзің секілді жандармен бір жерге жиылып, керемет орта қалыптастыруға септеседі,-деді Мөлдір Ершиева.
Ойын барлығы 7 турдан тұрды. Жалпы жүлде қоры 800 000 теңгені құрады. Бірінші орынға 100 000 теңге, екінші орынға 50 000 теңге, үшінші орынға 30 000 теңгеге тұрмыстық-техникалық дүкенге әр категорияда жеңімпаз атанған жастарға сертификаттар табысталды.
Айта кетейік, аталған іс-шара Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен жүзеге асты.