Ақтау қаласында ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі мұнай және энергетика салаларында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Ерлан Ақкенженов 2024 жылғы 1 қаңтарда өңірді газбен жабдықтау деңгейі 99,9% немесе шамамен 786,4 мың адам (елді мекенде 61-ден 56) тауарлық газбен қамтылғанын айтты. Бұл жоғары көрсеткіштерге «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу, «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының үшінші желісін және «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырын күрделі жөндеу арқасында қолжеткізіліп отыр.
Жоспарда «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының төртінші желісін салу, Бейнеу ауылында газбен жабдықтау желілерін салу және Маңғыстау ауданы Тасмұрын және Тиген тұрғын үй алаптарына газ тарату жүйелерін салу көзделген.
Сондай-ақ, вице-министр Жаңаөзен қаласында жоғары технологиялық газ өңдеу зауытын салу туралы баяндады.
«Жаңа зауыт жылына 900 млн м3 көлемінде шикі газды өңдеу өнімділігімен әлемдік стандарттарға сәйкес болады», - деді Е. Ақкенженов.
Кездесуге келген облыс тұрғындары тауарлық газдың тарифтерін белгілеу, жылумен және электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету, елді мекендерді газдандыру және т.б сұрақтарына жан-жақты жауаптар алды. Сонымен қатар азаматтардың жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізілді.